Қазақстанда ақшалай есеп айырысудың ашықтығын қамтамасыз ету және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында бақылау-касса машиналарын (БКМ) қолдану талаптарын сақтау маңызды.
Фискалдық чек – сатушы мен сатып алушы арасындағы есеп айырысу фактісін растайтын негізгі құжаттардың бірі. Ол тауардың, жұмыстың немесе қызметтің қашан және қандай сомаға сатып алынғанын дәлелдеуге мүмкіндік береді.
Тұтынушы үшін чек тауарды қайтару немесе айырбастау, сатушыға талап қою, сондай-ақ дау туындаған жағдайда өз құқықтарын қорғау кезінде қажет. Сондықтан сауда немесе қызмет көрсету барысында чек талап ету – тұтынушының заңды мүддесін қорғаудың маңызды тетігі.
Ал кәсіпкер үшін БКМ пайдалану кірістерді дұрыс есепке алуға, ақшалай операциялардың ашықтығын қамтамасыз етуге және салық заңнамасының талаптарын сақтауға мүмкіндік береді.
Заңнамада көзделген жағдайларда кәсіпкер ақшалай есеп айырысуды БКМ арқылы жүргізіп, сатып алушыға тиісті фискалдық чекті беруге міндетті. Сонымен бірге чекте көрсетілген сома нақты төленген қаражатқа сәйкес болуы қажет. Кәсіпкерлерге БКМ-ді белгіленген тәртіппен тіркеу, барлық тиісті операцияларды дұрыс көрсету, чек беру және ақшаны қайтару кезінде заң талаптарын сақтау ұсынылады.
Осы талаптарды орындау тек әкімшілік жауапкершіліктен сақтану үшін емес, кәсіпкерлік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету үшін де маңызды.
Фискалдық чек – кәсіпкер үшін заң талаптарын сақтаудың, ал тұтынушы үшін өз құқығын қорғаудың нақты құралы. Сондықтан «чек қажет пе?» деген сұраққа жауап – иә. Өйткені әрбір заңды сауда операциясы ашық әрі тиісті түрде рәсімделуі тиіс.