Қазақстандық атақты боксшы, әлем чемпионы Геннадий Головкин Халықаралық Бокс даңқ залының мүшесі атанды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Салтанатты рәсім АҚШ-тың Канастота қаласында өтті. Дәстүрлі шара барысында әлемдік боксқа өлшеусіз үлес қосқан спортшылар Даңқ залына қабылданды.
Осылайша Геннадий Головкин бұл мәртебеге ие болған алғашқы қазақстандық боксшы ретінде тарихқа енді. Енді оның есімі әлемдік бокстың ең ұлы тұлғаларының қатарында аталады.
Халықаралық Бокс даңқ залына ену – спортшылар үшін ең жоғары марапаттардың бірі саналады. Бұған дейін бұл құрметке Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Шугар Рэй Леонард, Эвандер Холифилд сынды бокс аңыздары ие болған.
Головкин кәсіби мансабында орта салмақта бірнеше мәрте әлем чемпионы атанып, өзінің мықты техникасы мен нокауттық жеңістері арқылы жанкүйерлердің ықыласына бөленді. Оның рингтегі жетістіктері Қазақстан боксының халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға зор үлес қосты.
Даңқ залына қабылдануы – Геннадий Головкиннің әлемдік спорттағы орны мен еңбегіне берілген жоғары баға ретінде бағалануда.