Қазақстандық продюсер Гүлзира Айдарбекова әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм журналист Сәуле Базарханды еске алып, қоғамдағы өсек-аяң мәселесіне қатысты ойын білдірді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Продюсердің айтуынша, Сәуле Базарханның ең ерекше қасиеттерінің бірі – ешкімді жамандамай, өсек айтпайтын адам болғаны.
«Саулешіміздің ерекше қасиеті – ешқашан өсек айтып, біреуді жамандамайтын. Жай кетпеді, көп нәрсені ұғындырып, өмірдің тез біте салуы мүмкін екенін шегелеп тұрып түсіндіріп кеткендей халде жүрмін», – деп жазды ол.
Гүлзира Айдарбекова қазіргі таңда әлеуметтік желілер мен қоғамда өсек-аяңның көбейіп кеткеніне алаңдайтынын жеткізді. Оның пікірінше, жұртшылықтың назарын түрлі қауесеттер мен жеке өмірге қатысты әңгімелер көбірек аударып барады.
«Қарап отырсам, қазіргі уақытта қоғам болсын, адамдар арасында өсектен көз ашпайсың. Біреуді жамандау, өсектеу әдетке айналып бара жатқандай», – деді продюсер.
Сондай-ақ ол қоғамда алаяқтық, қылмыс және хайп қуудың жиілегенін айтып, ұлттық құндылықтар мен адами қасиеттердің қайта жаңғыруын қалайтынын жеткізді.
«Тыныш заманда, тыныш өмір сүріп, әр адам адал еңбегімен бақытты ғұмыр кешетін, үлкенге құрмет көрсетіліп, ұят пен әдет-ғұрып жоғары бағаланатын кезең қайта оралса екен», – деп жазды Гүлзира Айдарбекова.
Жазба соңында продюсер көпшілікке ой салатын нақылды бөлісті.
«Сүрінгенмен бүлінгенді сөз етпе, сен де тұрсың, мен де тұрмын кезекте!» – деп түйіндеді ол.