2025 жылдың ІІ жартыжылдығы «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы үшін мазмұнды өзгерістер мен нақты нәтижелер кезеңі ретінде айқындалды. Осы аралықта құрылым өңір экономикасының нақты сұраныстарына бейімделген тиімді даму институты ретіндегі рөлін күшейтіп, инвестиция тарту, өндірістік жобаларды ілгерілету және кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүйелі жұмыс жүргізді. Әрбір бастама жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық базасын кеңейтуге және ұзақ мерзімді экономикалық әсер қалыптастыруға бағдарланды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Корпорация қызметінің негізгі миссиясы – экономикалық әлеуетті толық іске асыру арқылы тұрақты даму ортасын қалыптастыру. Ашықтық, жауапкершілік және нәтижеге бағытталу қағидаттары өзгеріссіз сақталуда. Қаржылық қорытындылар бойынша 2025 жыл 134 миллион теңге көлеміндегі пайдамен аяқталды. Активтер көлемі 31,3 миллиард теңгені құрады.
Құрылымдық өзгерістер қатарында «Zhambyl Invest» дирекциясының дербес заңды тұлға ретінде бөлінуі ерекше атап өтіледі. Бұл шешім басқару тиімділігін арттырып, операциялық икемділікті күшейтті. Бүгінде «Zhambyl Invest» инвесторлармен жұмыс істейтін өңірлік фронт-офис ретінде «бір терезе» қағидаты негізінде жобаларды бастапқы келіссөздерден бастап іске қосуға дейін толық сүйемелдеуде.
2025 жылы инвесторлармен және бизнес өкілдерімен 495 кездесу өткізіліп, 26 екіжақты құжатқа – меморандумдар мен ынтымақтастық келісімдеріне қол қойылды. Сонымен қатар «Zhambyl Invest» қолдауымен 8 экспорттық келісімшарт жасалып, отандық өнімдердің сыртқы нарықтарға шығуына жол ашылды. Стратегиялық маңызы бар екі ірі жоба бойынша инвестициялық келісімдерге қол қойылды: жылына 3 миллион тонна өнім өндіретін металлургиялық зауыт және дәл осындай көлемде терең өңделген жүгері өнімдерін шығаратын өндіріс орны.
Жалпы алғанда, құны 3,4 триллион теңгені құрайтын 30 инвестициялық жобадан тұратын портфель қалыптастырылып, олар металлургия, агроөнеркәсіп, химия және энергетика салаларын қамтиды. Бұл жобалар өнеркәсіптік өсімге жаңа импульс беріп, экономиканың әртараптануына ықпал етеді.
Алдағы кезеңдегі басым бағыттардың бірі – құны 700 миллиард теңге болатын химиялық кешен құрылысы бойынша инвестициялық келісім жасау. Бұл бастама жоғары технологиялы өндірісті дамытуға және өнеркәсіптік әлеуетті күшейтуге бағытталған.
Сонымен қатар қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауытын салу жобасы пысықталу үстінде. Әлеуетті инвестор анықталып, жоба бастапқы келіссөз кезеңінде қарастырылуда. Бұл бастама экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және қалдықтарды басқарудың заманауи тәсілдерін енгізуге мүмкіндік береді.
Іске қосылуы жоспарланған жобалардың қатарында жүгеріні терең өңдеу зауытының бірінші кезеңі, бу-газ электр стансасы, ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру өндірісі және тамшылатып суару жүйелерін шығару бар. Бұл бағыттар агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту мен ресурстарды тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді.
Осылайша, «Тараз» ӘКК қазіргі кезеңде экономикалық дамудың жүйелі драйверіне айналып, ұзақ мерзімді инвестициялық күн тәртібін қалыптастыруда маңызды рөл атқарып отыр. Алдағы міндеттер экономикалық әлеуетті нығайту, жаңа жұмыс орындарын құру және өмір сапасын арттырумен сабақтас. Корпорация белгіленген қағидаттарға сүйене отырып, даму траекториясын сақтайды.