Қордай ауданында ауыл шаруашылығы тек егін және бау-бақша бағыттарымен шектелмей, мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Соңғы жылдары мал өсіру мен бордақылаумен айналысатын шаруашылықтардың қатары артып, салаға жаңа серпін беруде, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Қарасай ауылдық округінде орналасқан «Карлыгаш» шаруа қожалығы – осы бағыттағы ілгері бастамалардың бірі. Шаруашылық басшысы Бекзат Алиевтің айтуынша, бүгінде мұнда 200 бас ірі қара бар. Өткен жылы әкелінген бұзаулар қазір бордақыланып, алдағы уақытта ет өнімі ретінде нарыққа шығарылмақ.
– Біздің бордақылау алаңы бір мезетте 300 бұқашық ұстауға лайықталған. Мал азығын өзіміз өндіреміз, бұл өндіріс процесін тиімді басқаруға мүмкіндік береді, – дейді ол.
Аталған шаруашылықтың негізін кезінде Бекзаттың әкесі Ғани Алиев қалаған. Әке жолын жалғаған кәсіпкер жинаған тәжірибесін ұштастыра отырып, істі жаңа деңгейге көтеруді мақсат еткен. Ол мал шаруашылығын дамытуға және шағын, орта бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды белсенді пайдаланып келеді.
Елдегі кәсіпкерлікке қолайлы жағдай ауылдық жерлерде де бизнестің дамуына жол ашты. Әсіресе жастардың кәсіпке деген қызығушылығы артып, жаңа бастамалар көбейіп отыр.
– Біз «КазАгроФинанс» АҚ арқылы қажетті ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға қаржы алдық. Бұл шаруашылықтың әлеуетін арттыруға үлкен мүмкіндік береді, – дейді фермер.
Мал өсіру мен бордақылау ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына тікелей әсер етеді. Ауылдағы кәсіпкерліктің өркендеуі өңір экономикасының нығаюына ықпал етіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады. Сонымен қатар, жергілікті өнім өндіру арқылы ауылдың экономикалық негізі күшейіп, тұрғындардың өмір сапасы жақсара түседі.
Бекзат Алиев жетекшілік ететін «Карлыгаш» шаруа қожалығы – мал шаруашылығын дамытуға бағытталған нақты істердің айқын көрінісі. Мұндай бастамалар отандық өнім сапасын арттырып, ауылдың әлеуетін еселей түсетіні анық.