Қазақстандық танымал қыздар тобы — KeshYou өздерінің 20 жылдығына орай арнайы деректі фильм ұсынды. Аталған туындыда топтың құрылу тарихы, сахнадағы жарқын сәттері мен құрамдағы өзгерістер алғаш рет кеңінен баяндалды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Фильм барысында продюсер Баян Мақсатқызы көпшілік үшін күтпеген мәлімдеме жасап, кезінде топ құрамында болған Ақбота-Нұрдың кету себебіне тоқталды. Оның айтуынша, бұл оқиға жеке өмірдегі өзгерістермен тығыз байланысты болған.
Продюсердің сөзінше, Ақбота-Нұрдың өмірінде маңызды рөл атқарған актер Дәурен Айдарқұлов алғаш болып продюсермен қаржылық есеп айырысып, барлық келісімдерді жапқан. Осыдан кейін ғана әншінің топтан ресми түрде кетуіне жол ашылған.
Бұл жағдай сол кезеңде түрлі қауесеттерге себеп болған еді. Алайда деректі фильмде айтылған бұл ақпарат көп сұраққа нақты жауап бергендей. Көрермендер үшін бұл — топ тарихындағы ең көп талқыланған сәттердің біріне жаңа көзқарас қалыптастыратын маңызды мәлімет.
Айта кетейік, KeshYou тобы 20 жыл ішінде бірнеше рет құрамын өзгертіп, қазақстандық шоу-бизнес тарихында өзіндік орны бар жобалардың біріне айналды. Топтың әр кезеңі өз тыңдарманын тауып, жаңа есімдердің танылуына жол ашты.