Алматыда танымал блогер Сәуле Базарханның өліміне қатысты тың деректер жария болды. Марқұмның туыстары оның жеке емханада жасалған липосакциядан кейін көз жұмғанын айтып, әділ тергеу жүргізуді талап етуде, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Марқұмның қызының сөзінше, қайғылы жағдай 15 мамыр күні Алматыдағы жекеменшік клиникалардың бірінде болған. Айтуынша, Сәуле Базарханға жергілікті анестезиямен жасалуы тиіс липосакция отасы жоспарланған. Ота шамамен 1-1,5 сағатқа созылуы керек болған.
Алайда туыстары ұзақ уақыт бойы ешқандай ақпарат ала алмаған. Блогердің қаза тапқаны туралы жақындарына тек кешкі сағат 18:00 шамасында хабарланған. Сонымен қатар жедел жәрдем қызметі тек 19:00-де келгені айтылды.
Марқұмның қызы дәрігерлерден бірнеше сұраққа жауап талап етті. Оның айтуынша, отбасы мүшелеріне қайғылы хабар неге бірден жеткізілмегені, жабық есік артында үш сағат бойы не болғаны және науқасты аман алып қалу үшін қандай әрекеттер жасалғаны түсініксіз күйінде қалып отыр.
Сондай-ақ туыстары аталған емхананың әлі күнге дейін жұмысын жалғастырып жатқанын айтты.
Жақындарының айтуынша, Сәуле Базархан 53 жаста болған. Ол әлеуметтік желіде танымал блогер ретінде белгілі болғанымен, отбасы үшін қамқор ана әрі әже болған.
Марқұмның туыстары бұл істің соңына дейін барып, әділдік талап ететіндерін мәлімдеді.
Алматы қалалық Полиция департаменті аталған факті бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.