Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Абай облысына жұмыс сапары аясында «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің құрылыс алаңына барды, деп хабарлайды baq-orda.kz. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Бақты – Аягөз» жобасы еліміздің көлік инфрақұрылымын дамытуға және Трансқазақстандық теміржол дәлізін қалыптастыру үшін негізгі жобалардың бірі болып табылады. Теміржол желісінің жалпы ұзындығы 303 км болады. Жоба аясында 11 бөлек пункт, 68 көпір құрылысы және 355 су өткізу құбырын салу жоспарланған. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.
Құрылыс алаңында қатысушылар дайындық және жүргізіліп жатқан жер жұмыстарының барысымен танысты. Қазіргі таңда инженерлік зерттеулер аяқталған және Ай, Шолпан, Үржар және Бақты ауылдарында төрт ауысымды қалашық салынды.
Вице-министр жобаны уақытылы жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтіп, құрылысқа қатысушы барлық тараптардың тиімді өзара іс-қимылының қажет екенін айтты. Көлік министрлігі жобаны «ҚТЖ» ҰК» АҚ, мердігер ұйымдар және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тұрақты бақылауда ұстап отыр.