Контентке өту

«Күлкілі әрі аянышты»: Қазыбек Иса Ақжол партиясын сынағандарды пілге үрген кәнденге теңеді Толығырақ: https://tiek.kz/kz/archives/7292 © Tiek.kz

«Күлкілі әрі аянышты»:  Қазыбек Иса Ақжол партиясын сынағандарды пілге үрген кәнденге теңеді  Толығырақ: https://tiek.kz/kz/archives/7292 © Tiek.kz

«Ақ жол» партиясының съезінде саяси ұйым мүшесі Қазыбек Иса сөз сөйледі. Қазыбек Исаның айтуынша, «Ақ жол» партиясы — ширек ғасырға жуық уақыт бойы халықты, кәсіпкерлерді қорғап, ұлт зиялыларын қолдап келе жатқан жалғыз ұйым.

«Бұл партияны қос қанаты бар қыранға теңеуге болады: оның бір қанаты — ұлт зиялылары болса, екіншісі — кәсіпкерлер. Мен «Ақ жолдың» алғашқы күнінен, алғашқы жылынан бастап мүшесі болғандықтан, мұны ашық айта аламын. Қазір елімізде онымен салыстыратын парламенттік және саяси тарихы бар басқа партия жоқ. Бес рет Парламентке өткен, төрт рет фракция құрған, Комитет басқарып, Мәжіліс Төрағасының орынбасарлығына дейін көтерілген, екі рет президенттік сайлауға қатысқан тағы қандай партия бар? Басқа ешкім жоқ. Сондықтан біз бұл сайлауға құрыштай берік қалпымызда кірісуіміз керек», — деп атап өтті Қазыбек Иса.

Сондай-ақ ол саяси науқан қызған тұста кейбір партия өкілдерінің кәсіпкерлердің құқығын қорғаушы ретінде көрсетіп, ал шынайы өмірде мүлде басқа әспен айналысып жүргенін ашық айтты.

«Сайлау науқаны басталғалы бері кейбір партиялар «кәсіпкерлердің сөзін сөйлейміз» деп, ойларына келгенін айтып жүр. Олар: «Парламентке барып алған соң, халық ештеңе сезбейді, кәсіпкерлердің мүддесін қорғауға қарсы дауыс бергенімізді білмей қалады» деп ойлайтын болса керек. Әлеуметтік желілерде өздерін кәсіпкерлердің құқығын қорғаушы етіп көрсеткенімен, шынайы өмірде мүлдем басқа іспен айналысады. Виртуалды әлемде өмір сүріп, шын өмірде не болып жатқанынан бейхабар секілді. Сайлау басталғанда, шын мәнінде кәсіпкерлердің мүддесін қорғап отырған партияның тасасында қалып, тасалақтап жүргендер де кездесуде.

Олардың сөзі мен ісінің алшақтығын, мұндай екіжүзділікті қайдан үйренгенін көріп таңғаласың. «Ақ жолдың» істеген ісінің жүзден бірін де атқара алмай жатып, белгілі мысалдағы пілге үрген кәнден секілді күлкілі әрі аянышты күй кешуде. Осы орайда тағы бір тәмсіл еске түседі:

Қос қанатын жайған алып қыран сорғалап келіп түлкіні бүрген сәтте, жартас тасасында тығылып тұрған қара қарға жалп етіп қасына қона кетіп: «Әй, әйтеуір бұл түлкіні сіз болып, біз болып алдық-ау!» — деген екен.

Қазіргілердің де әрекеті тура осы мысалды айнытпай еске түсіреді. Бірақ халық кімнің кім екенін, кімнің еңбегі қандай екенін жақсы біледі», — дейді саяси ұйым мүшесі.

Өз кезегінде Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Ермек Әбілдин де осындай пікір білдірді. Айтуынша, хаттар мен сауалдар жолдау — жақсы, әрине, бірақ істі соңына дейін жеткізіп, нақты жетістіктермен өлшеу әлдеқайда маңызды.

«Біздің партия өз беделін саяси бәсекелестерін балағаттаумен емес, көпжылдық еңбегімен қалыптастырды. партиямыз ұзақ жылдар бойы отандық бизнестің мүддесін қорғаумен айналысып келеді. Өздерін бизнесмен әрі саясаткер санаған әлдебір блогерлерге ұқсамаймыз, біз саясатқа бизнестің өзінен келдік. Біздің партия құрғақ декларациялармен емес, нақты істермен айналысады. Естеріңізде болса, 2023 жылғы сайлауда кейбір партиялар өздерінің сайлауалды бағдарламаларында кәсіпкерлердің мүддесін қорғауға уәде беріп, ұрандатқан болатын. Олар бизнес қауымдастықты қолдауға, шағын және орта бизнесті қорғауға, сондай-ақ бәріне бірдей тең мүмкіндіктер жасауға міндеттеме алды. Арада үш жыл өтті. Нәтиже қайда? Уәде етілген қолдаудың орнына — даурықпа сұхбаттар, пиар акциялар және ірі капиталдың мүддесін лоббилеу (сырттай қолпаштау) ғана болды.

Олар іс жүзінде не тындырды? Нақты заңдар мен нақты істердің орнына тек ақпараттық мәлімдемелер жасап, сұхбат берді, форумдар жинап, диалог алаңдарын өткізді. Бірақ Мәжіліске енгізілген нақты заң жобалары қайда? Кәсіпкердің өмірін шынымен жеңілдеткен түзетулер қайда?», — деп атап өтті Ермек Әбілдин.

Алайда Қазыбек Иса мен Әбілдин мырза бұл мысалдың нақты кімдерге бағытталғанын ашып айтпады.  Бұған дейін Respublica партиясының мүшесі Олжас Құспеков өзін «бизнес партиясы» санайтын оппоненттерін пониге теңеген еді.
 

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты