Әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қызы Айару әлеуметтік желідегі жазбасымен қызу талқыға себеп болды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Айару Тұрсынбекқызы өзіне жиі айтылатын «қазақ тілін білмейді» деген пікірлерге жауап беріп, қазақша сөйлей алатынын ашық айтты.
Оның сөзінше, бала кезінде қазақ тілін жақсы меңгерген. Алайда 1-сыныптан бастап ағылшын тіліндегі мектепте оқып, кейін қазақ тілін сирек қолдана бастаған.
«Мен қазақ тілін білемін, қазақша сөйлеп, жазып, оқи аламын. Бірақ мектепке барғалы ұмытып бара жатырмын. Барлық достарым орысша, ағылшынша сөйлейді», - деді ол.
Сондай-ақ Айару қазақша сөйлеген кезде акцент барын айтып, сол себепті өзіне ыңғайсыз болатынын жеткізді.
«Маған орысша сөйлеген ұнаса, сендерге бәрібір болу керек», - деп жазды ол.
Айарудың айтуынша, әлеуметтік желіде «Қазақсың ба? Неге орысша сөйлейсің?» деген сын пікірлер жиі жазылады. Ол мұндай сөздердің өзіне әсер ететінін де жасырмады.
Желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі Айаруды қолдап, тілдік орта әсер ететінін айтса, енді бірі ата-анасының тәрбиесін сынға алды. Көпшілік оның қазақша сөйлегісі келмейтініне өзін емес, ата-анасын кінәлап жатыр.