Бүгін Ақордада мәдениет және өнер саласы қызметкерлерін марапаттауға арналған салтанатты рәсім өтті, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар өнер майталмандарына мемлекеттік наградалар табыстады. Марапат иелерінің қатарында Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова да бар. Белгілі әнші ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.
Өнер иесі бұл оның Ақордаға алғаш рет келуі екенін айтып, соңғы 25 жыл ішінде мемлекет тарапынан алғаш рет осындай жоғары марапат алып отырғанын жеткізді.
Салтанатты рәсімнен кейін Мақпал Жүнісова Президентке өзінің әндері жазылған үнтаспа жинағын сыйға тартты. Әншінің айтуынша, бұл сыйлық өткен күндердің естелігі әрі халыққа деген құрметтің белгісі.
«Халыққа қызмет етсең, марапат та, атақ та бұйырады», — деген әншінің сөзі көпшіліктің көңілінен шығып, әлеуметтік желіде кеңінен тарады.
Желі қолданушылары өнер иесінің шынайылығы мен қарапайым болмысына жылы пікір білдіріп жатыр.