Қазақстанда ірі көлемдегі қаржылық заңбұзушылыққа қатысты жаңа іс тіркелді. ҚазТемірТранс компаниясының бұрынғы вице-президентіне қатысты тергеу басталды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
5,2 млрд теңге жымқырды деген күдік
Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігі «ҚазТемірТранс» АҚ-ның экс-вице-президенті Азамат Капеновке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.
Тергеу мәліметінше, ол қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланып, жүк вагондарын басқару қызметтері кезінде өзіне байланысы бар компанияларға заңсыз артықшылықтар жасаған.
Осының салдарынан компанияға 5,2 млрд теңгеден астам шығын келген.
Халықаралық іздеу жарияланды
Қазіргі уақытта Азамат Капеновке халықаралық іздеу жарияланған. Сот шешімімен оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған.
Активтер мемлекетке қайтарылды
Келтірілген залалды өтеу мақсатында тергеу органдары «Достық» станциясындағы терминалды сотқа дейін тәркілеу туралы өтініш берген.
Нәтижесінде аталған мүлік мемлекет кірісіне өткізілді.
Құзырлы органдардың мәліметінше, іс бойынша тергеу амалдары әлі де жалғасып жатыр.