Контентке өту

Мемлекет басшысы бірқатар конституциялық заңдарға қол қойды

Мемлекет басшысы бірқатар конституциялық заңдарға қол қойды
ашық дерек

Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Конституцияның ережелерін іске асыру мақсатында бірқатар конституциялық заңдарға қол қойды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Қабылданған құжаттар мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, билік институттарының өкілеттіктерін нақтылауға және азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Жаңа заңдардың қатарында «Қазақстан Республикасының Президенті туралы», «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Халық Кеңесі туралы», «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» және «Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» конституциялық заңдар бар.

«Қазақстан Республикасының Президенті туралы» конституциялық заңның басты жаңалығы – Вице-Президент институтының енгізілуі. Құжатқа сәйкес, Вице-Президент Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оның мүддесін білдіріп, жүктелген міндеттерді орындайды.

Ал «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заң Құрылтайдың құқықтық мәртебесін, заң шығару қызметін және депутаттардың өкілеттіктерін айқындайды. Құрылтай заң шығарушы билікті жүзеге асыратын жоғары өкілді орган ретінде белгіленген.

Сондай-ақ «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» конституциялық заң қабылданды. Бұл орган азаматтық қоғам мен мемлекеттік институттар арасындағы диалогты дамытуға бағытталған жоғары консультативтік құрылым ретінде жұмыс істейді. Кеңес заңнамалық бастама көтеруге және жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынуға құқылы.

«Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» заң елорданың құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін белгілейді. Құжатта қаланы басқару, инфрақұрылымды дамыту және сәулеттік келбетті қалыптастыру мәселелері қамтылған.

Ал «Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» конституциялық заң әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру, тарату, олардың шекараларын белгілеу мен өзгерту, сондай-ақ атаулар беру және қайта атау тәртібін реттейді.

Осылайша қабылданған конституциялық заңдар мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа моделін қалыптастыруға және елдің саяси-құқықтық дамуының келесі кезеңін қамтамасыз етуге бағытталған.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты