Белгілі тележүргізуші әрі журналист Дана Нұржігіт әлеуметтік желідегі парақшасында Құрбан айт қарсаңында отбасы ауыр қазаға душар болғанын айтып, оқырмандарына әсерлі жазба арнады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Журналист нағашы ауылындағы көкесінен айырылғанын айтып, балалық шағымен байланысты естеліктерін бөлісті.
«Айттан Айтқа жете берейік!» Иә, бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар… Кеше ғана мен нағашы ауылдағы көкемнен айрылып, жеңгеме көңіл айтып шықтым. Енді ол үйде атам да, атамның көзі болған кенже ұлы – қара шаңырақ иесі, менің балалық шағымның куәсі Хасан көкем де жоқ. Атамнан қалған бақ қураған, ауыл қаңырап бос қалғандай көрінді… мен іздейтін, мені іздейтін ешкім жоқ болып көрінді», – деп жазды ол.
Сондай-ақ Дана Нұржігіт өмірдің өткіншілігі жайлы ой қозғап, жақын жандардың қадірін тірі кезінде білу керектігін айтты.
«Анамның отбасындағы 9 баланың екеуі ғана қасымда. Анам мен жалғыз бауыры Асан. Ермахан атамның 9 баласы түгел жиналғанда бір қауым ел едік қой дейсің! Міне, ӨМІР-КӨШ екенін осыдан-ақ көр! Бәріміз де мәңгі емеспіз! Тірімізде сыйласайық! Дұға-тілекке қосып, ниеттес болып отырғанымыздың өзі олжа! Құрбан айт қабыл болсын, инста-бауырларым! Бар болыңыздар!», – деді тележүргізуші.
Желі қолданушылары журналистің жазбасына пікір қалдырып, көңіл айтып, сабыр тіледі.