Танымал әнші Мөлдір Әуелбекова KeshYou тобының 20 жылдық мерейтойлық концертіне қатыспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Өнер иесі бұл шешімін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған. Оның айтуынша, концерт өз қатысуынсыз да жоғары деңгейде өтетініне сенімді.
“Кешьюдің концертіне қатыспау туралы шешім қабылдадым. Менсіз-ақ, алтын құраммен керемет кеш өтетініне сенімдімін. Осылайша, өнер жолымдағы үлкен бір кезеңнің бетін өзім үшін жабамын”, – деп жазды әнші.
Мөлдір Әуелбекова бұл қадамын өзінің шығармашылық жолындағы маңызды кезеңнің аяқталуы ретінде бағалаған.
Айта кетейік, биыл әншінің өнер жолына келгеніне 22 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде ол тек сахнада ғана емес, түрлі салада да өзін сынап көргенін атап өтті.
“Осы 22 жыл ішінде мен Мөлдір Әуелбекова деген атты қалыптастырып, түрлі кезеңдерден өттім: сахнада да, әртүрлі лауазымдарда да қызмет атқарып, бизнеспен айналысып, кей сәттерде өнерден алыстап, кейін қайта оралуға да үлгердім”, – деді ол.
Әзірге әншінің бұл шешіміне қатысты топ мүшелері немесе ұйымдастырушылар тарапынан ресми пікір жарияланған жоқ.