Шу ауданында суармалы егістік көлемінің ұлғаюы мен жаңа өндіріс орындарының ашылуы аясында Мойынқұм ауданына келетін су көлеміне қатысты мәселе көтерілді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Жауапты мамандардың айтуынша, ауданға келетін су көлемі ең алдымен Қырғызстан аумағынан бастау алатын су ресурстарына байланысты. Таудан келген су алдымен Киров су қоймасына жиналып, кейін өңірлерге бөлінеді. Сонымен қатар Төле би аумағында да су жинақтайтын нысандар жұмыс істейді.
Мамандардың пікірінше, су қоры жеткілікті болған жағдайда барлық ауданның қажеттілігі толық қамтамасыз етіледі. Дегенмен су көлемі ауа райы мен табиғи жағдайларға тәуелді болғандықтан, балама су көздерін дамыту бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі таңда кәсіпкерлермен және ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен бірлесіп, жер асты су қорларын пайдалану мәселесі қарастырылып жатыр. Аудан аумағында мол жер асты су қоры бар екені айтылып, қосымша ұңғымалар қазып, сорғы қондырғыларын орнату жоспарланған.
Жоспарланған шаралар жүзеге асқан жағдайда Мойынқұм ауданында су тапшылығының алдын алуға және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.