Әлеуметтік желіде журналист әрі қоғам белсендісі Бибігүл Дәулетбекқызы әнші Мөлдір Әуелбекованы қолдап, көпшілікті әлеуметтік желідегі қысым мен буллингті тоқтатуға шақырған жазба жариялады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Автордың айтуынша, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде Мөлдір Әуелбековаға қатысты жағымсыз пікірлер мен айыптаулар көбейіп кеткен. Ол мұндай әрекеттердің адамның психологиялық жағдайына ауыр әсер ететінін айтып, қоғамды жауапкершілікке үндеді.
Бибігүл Дәулетбекқызы өз жазбасында буллингтің ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін еске салып, кезінде әлеуметтік желідегі қысымнан кейін өмірден өткен жазушы Аягүл Мантайды мысалға келтірді. Оның пікірінше, адамдар нақты жағдайды білмей тұрып біреуді жаппай айыптаудан аулақ болуы керек.
Сондай-ақ ол Мөлдір Әуелбековаға қатысты тарап жатқан түрлі әңгімелердің көпшілігі ескі оқиғаларға негізделгенін айтып, көпшіліктің сөзбен шабуыл жасауын әділетсіз деп бағалады.
«Ешкімнің біреуді қарғап-сілеуге және буллинг жасауға құқысы жоқ. Әлеуметтік желіде жазылған әр сөздің салмағы бар», – дейді автор.
Жазба соңында Бибігүл Дәулетбекқызы әншіге қолдау білдіріп, оған мықты болуға тілектестік танытты. Ол Мөлдір Әуелбекованың шығармашылығын жоғары бағалайтынын айтып, қоғамды мейірімділік пен сабыр сақтауға шақырды.
Желі қолданушылары бұл пікірге әртүрлі көзқарас білдіріп жатыр. Бірі автордың ойын қолдаса, енді бірі қоғам қайраткерінің пікіріне қатысты өз уәждерін айтуда. Алайда көпшілік әлеуметтік желідегі қорлау мен жаппай қысым мәселесінің өзекті екенін атап өтуде.