Бұрынғы «Қазатомөндіріс» ұлттық атом компаниясының басшысы, кәсіпкер Мұхтар Жәкішев қызы Алтынай Жәкішеваның шетелдік азамат Карлға тұрмысқа шыққанын мәлімдеді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Оның айтуынша, жас жұбайлар алты жылдан бері бір-бірін таниды. Екі жыл бұрын Карл Алматыға арнайы келіп, қазақ дәстүріне сай Алтынайдың қолын ресми түрде сұраған.
Мұхтар Жәкішев қызының таңдауын толық қолдайтынын айтып, күйеу баласының адами қасиеттеріне жоғары баға берді.
«Карл – еңбекқор, мақсаткер және тәрбиелі азамат. Ең бастысы – қызымды шын жақсы көреді», – деді ол.
Кәсіпкер бұл тойдың өзі үшін ерекше мәнге ие екенін де жасырмады. Оның сөзінше, үлкен қызы тұрмысқа шыққан кезде өзі түрмеде болғандықтан, қуанышқа ортақтаса алмаған.
Сондай-ақ Мұхтар Жәкішев әлеуметтік желілерде айтылған ұлтаралық неке туралы сын-пікірлерге де жауап берді. Ол адамның қадір-қасиеті ұлтына емес, ар-ожданы мен адамгершілігіне байланысты бағалануы тиіс екенін атап өтті.
«Адамды ұлтына қарап емес, оның қандай адам екеніне қарап бағалау керек», – деді ол.
Жәкішевтің бұл пікірі әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланып жатыр.