Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Хабар" арнасында көрсетілген "Штрихи к портрету" деректі фильмінде жиен немересі Айсұлтан Назарбаевтың өмірден өтуіне қатысты естелігімен бөлісті, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Деректі фильм барысында Нұрсұлтан Назарбаев отбасы туралы айтып, үш қызынан тараған немерелерінің бар екенін жеткізді. Сондай-ақ ол 2020 жылы немерелерінің бірі Айсұлтан Назарбаевтан айырылғанын еске алды.
Тұңғыш президенттің айтуынша, Айсұлтан мінезі мен болмысы жағынан өзіне қатты ұқсайтын болған.
– Өкінішке қарай, бір немеремізден айырылып қалдық. Ол маған өте ұқсайтын еді. Өз уақытынан ерте өмірден өтті, – деді Назарбаев.
Сондай-ақ ол Айсұлтанның денсаулығына байланысты күрделі мәселелер болғанын және отбасының оны емдету үшін қолдан келгеннің бәрін жасағанын айтты.
– Оны ешқайда жібермесе де болар еді. Бірақ ұстап отыру мүмкін болмады. Ол бұл істің құлы болған, тоқтай алмады. Біз оны Мәскеуде емдедік, Лондонда да емдедік. Қайта шығып, қайта оралатын, – деді ол.
Назарбаевтың сөзінше, отбасы мүшелері Айсұлтанға бірнеше рет көмек көрсетуге тырысқанымен, оның өмір салтын толық бақылауда ұстау мүмкін болмаған.
Еске салсақ, Айсұлтан Назарбаев 2020 жылы дүниеден өтті. Оның қазасы қоғамда үлкен резонанс туғызып, көпшілік арасында кеңінен талқыланған болатын. Ол Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің ұлы еді.
Айта кетейік, "Штрихи к портрету" деректі фильмі Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолы, саяси қызметі және отбасы туралы бұрын жария болмаған естеліктерді қамтитын көпсериялы жоба ретінде ұсынылған.