Бағдат Әшімова әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа жазба жариялап, көпшіліктің ықыласына бөленді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Ол бұл жолы немере-шөберелерімен бірге отырған сәтінен сурет жүктеп, жазбаға қысқа ғана: «Немере-шөберелермен» деп пікір қалдырған.
Желі қолданушылары бұл жазбаға жылы лебіздерін білдіріп, отбасы құндылығы мен ұрпақ сабақтастығының маңызын атап өтті. Көпшілік үшін бұл сурет – қарапайым, бірақ мағынасы терең, жүрекке жылы тиетін сәттердің бірі болды.
Асанәлі Әшімовтің жарқын мұрасы
Асанәлі Әшімов – қазақ өнерінің абызы, ұлттық театр мен кино өнерінің дамуына зор үлес қосқан көрнекті тұлға.
Ол 1937 жылдың 8 мамырында Жамбыл облысында дүниеге келген. Өнер жолын М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры сахнасында бастап, саналы ғұмырын қазақ мәдениетінің дамуына арнады.
Актер «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі» секілді фильмдердегі рөлдері арқылы көрермен жүрегінен ерекше орын алды. Сонымен қатар, режиссер, сценарист және ұстаз ретінде де үлкен із қалдырды.
Айта кетейік, Асанәлі Әшімов 2025 жылғы 21 желтоқсанда 88 жасында өмірден өтті. Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі атанған тұлғаның есімі мен еңбегі ел жадында мәңгі сақталары анық.