Әлеуметтік желіде үш балалы ананың жанайқайы көпшіліктің қызу талқысына түсті. Әйелдің айтуынша, бұрынғы күйеуі оның атына қымбат смартфон рәсімдетіп алып, кейін несиені төлемей кеткен, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Арада уақыт өткен соң ер адам басқа әйелмен шаңырақ көтерген көрінеді.
Келіншектің сөзінше, ол бірнеше рет бұрынғы күйеуінен қарызды өтеуді талап еткен. Тіпті күйеуінің ата-анасының үйіне барып, мәселені бейбіт түрде шешпек болғанын айтады. Алайда жағдай керісінше ушығып, әйелді үйден қуып шыққан.
Желіде тараған видеода әйелдің қайын атасымен сөзге келіп қалғаны байқалады. Кейбір мәліметтерде ол адамның қызылордалық жазушы Қуандық Түменбай екені айтылуда. Алайда бұл ақпарат ресми түрде нақтыланбаған.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл оқиғаға байланысты түрлі пікір білдіріп жатыр. Бірі көпбалалы анаға қолдау көрсетіп, ер адамның әрекетін сынға алса, енді бірі несие рәсімдеу кезінде жауапкершілікті де ескеру қажет екенін жазған.
Қазіргі таңда оқиға желіде кеңінен талқыланып, қызу пікірталас тудыруда.