Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Ол өз сөзінде осыдан жеті жыл бұрын мемлекет басшысы қызметінен өз еркімен кеткенін және бұл шешім елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында қабылданғанын атап өтті.
«Уақыт алға жылжиды. Ұрпақтар алмасады. Әрбір ұрпақ Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуға үлес қосуы керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ ол өзінің буыны ел тәуелсіздігін жариялау, мемлекеттік шекараны бекіту және жаңа астананы салу сияқты тарихи міндеттерді орындағанын айтты.
Тұңғыш президенттің сөзінше, бүгінде Қазақстанның дамуы үшін көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Соның ішінде өзі қолдайтын конституциялық реформа мен референдум да бар.
«Мен бір кездері Қасым-Жомарт Тоқаевты таңдадым және осы таңдауымда қаламын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөз соңында ол жаңа Конституция еліміздің игілігіне қызмет етіп, халықтың бірлігі мен берекесін арттыруға ықпал етсін деген тілегін білдірді.