Контентке өту

Нұржан Смағұл Баян Алагөзованың мәлімдемесіне жауап берді

Нұржан Смағұл Баян Алагөзованың мәлімдемесіне жауап берді
ашық дерек

Белгілі діндар Нұржан Смағұл қоғамда қызу талқы тудырған мәселе бойынша өз пікірін білдірді. Ол продюсер Баян Алагөзованың «дінге үгіт-насихат жасайтындарға тыйым салу керек» деген сөзіне жауап қайтарды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Дінтанушының айтуынша, мұндай пікірлер қоғам ішінде түсініспеушілік туғызып, тіпті дінаралық шиеленіске алып келуі мүмкін. Ол дін мәселесінде сабыр мен өзара құрметтің маңызды екенін атап өтті.

Смағұл тарихи мысал келтіріп, Мұхаммед пайғамбар заманында да түрлі дін өкілдері бірге өмір сүргенін айтты. Оның сөзінше, исламда ешкімді күштеп сендіру қағидасы жоқ, әр адам өз таңдауын өзі жасайды.

Сондай-ақ ол қазіргі қоғамда дінге қатысты айтылатын пікірлердің көбіне реакция сипатында болатынын жеткізді. Яғни, кейбір жағдайларда бұл – исламға қарсы көзқарастарға жауап ретінде туындайтын пікірлер.

Діндар продюсердің мәлімдемесі қазақтың рухани мұрасына да жанама түрде әсер етуі мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ыбырай Алтынсарин сынды тұлғалардың еңбектерінде де діни ұғымдар кеңінен көрініс тапқан.

Сонымен қатар, ол радикалды ағымдардың бар екенін жоққа шығармай, бірақ олармен күрес жүргізіліп жатқанын айтты. Нұржан Смағұлдың сөзінше, Қазақстандағы негізгі бағыт – дәстүрлі Ханафи мазхабы мен Матуриди ақидасы, бұл бағыт ұлттық дәстүрмен сабақтасып жатыр.

Ол қоғамда түрлі көзқарас иелерінің бейбіт қатар өмір сүруі маңызды екенін атап өтіп, қандай да бір пікірді күштеп таңу дұрыс емес екенін жеткізді.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты