Өмірқұл Айниязов пен оның жары Фарида Айниязова отбасы өміріндегі ауыр сынақ туралы ашық айтты, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Фарида Айниязова «Менің өмірім» бағдарламасына берген сұхбатында тұңғыш ұлдары Нұртуғаннан кейін 21 жыл бойы сәби сүйе алмағанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл кезең отбасы үшін өте ауыр өткен.
“21 жыл күттік. Сол сынақтан өттік. Оңай болған жоқ. Қиын кездер де, түсінбеушілік те болды. Бірақ ұстасқан қолымыз ажыраған жоқ. Тағы да ана боламын деген сезім мені алға жетеледі”, – деді ол.
Айтуынша, араға 21 жыл салып Айсезім дүниеге келген. Кейін отбасында Айсұлтан өмірге келген.
Сондай-ақ Фарида Айниязова бала сүйе алмаған кезеңде жұбайына тоқал алуды да ұсынғанын жасырмады.
“Өмекеңнің көпбалалы әке болғанын қаладым. “Сен үшін бәріне дайынмын” деп айттым. Бірақ ол кісі “сенсіз өмірімді елестете алмаймын” деді”, – деп еске алды ол.
Әншінің жары бүгінде сол қиындықтардың барлығын Алланың сынағы ретінде қабылдайтынын айтты. Желі қолданушылары ерлі-зайыптылардың сабыры мен бір-біріне деген адалдығына құрмет білдіріп жатыр.