Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілхайыр Ғалымұлы Тамабек Байзақ ауданына жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Жұмыс сапары аясында облыс әкімінің орынбасары ауданда жаңадан ашылуы жоспарланған өндіріс орындары мен демалыс аймақтарының жұмысымен танысты. Нысандарды аралау барысында инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы, өндірістік әлеуетті арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар кәсіпкерлік саласын дамыту, жергілікті өнім көлемін ұлғайту, заманауи технологияларды енгізу және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы жоспарлар талқыланды. Жауапты сала басшылары мен кәсіпкерлер алдағы жобалар жөнінде баяндама жасап, олардың іске асырылу мерзімдері туралы ақпарат берді.
Сапар барысында ауданның демалыс орындары мен туристік әлеуетін дамыту мәселелері де күн тәртібінен түскен жоқ. Бұл бағытта қызмет көрсету сапасын арттыру, инфрақұрылымды жетілдіру және өңірдің туристік тартымдылығын күшейту жөнінде ұсыныстар айтылды.
Облыс әкімінің орынбасары ішкі туризмді дамыту өңір экономикасының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтіп, табиғи және мәдени нысандардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажеттігін жеткізді.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Әбілхайыр Ғалымұлы өндіріс қуаттылығын арттыру, мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту бойынша жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Сондай-ақ ауданда жүзеге асырылып жатқан жобаларды уақытылы әрі сапалы орындау, экономикалық белсенділікті арттыру және тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі атап өтілді.