Қазақстанда көктемгі егіс және дала жұмыстарына дайындық белсенді жалғасуда, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Бүгінгі күнге дейін 804 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабы қамтылды. Оның негізгі бөлігін, яғни 412 мың гектарлы дәнді дақылдар құрайды. Сонымен қатар 161 мың гектар мал азықтық дақылдар және 114 мың гектар майлы дақылдар себілді. Бұдан бөлек көкөніс, бақша дақылдары, мақта, картоп және қант қызылшасын егу жұмыстары да жүргізілуде.
Солтүстік өңірлерде дайындық кезеңі жалғасуда. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер топырақтағы ылғалды сақтау және болашақ егіс үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретін маңызды агротехникалық шара - ылғал жабу жұмыстарын атқаруда.
Жалпы еліміз бойынша биылғы егіс алқабы 23,8 млн гектар, бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық. Тұқым қоры толық, атап айтқанда, 2,3 млн тонна тұқым дайындалды, оның 1,5 млн тоннасы сапа тексеруінен өткен.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өндірушілерін минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету жұмыстары қатар жүргізілуде. Жоспарланған 2,3 млн тонна көлемнің ішінде 827 мың тоннаға келісімшарт жасалып, оның 586 мың тоннасы жөнелтілген.
Егіс науқанын табысты өткізудің негізгі көрсеткіштерінің бірі - жанар-жағармаймен қамтамасыз ету. Осы мақсатта биылғы жылға 2026 жылға сала өкілдері үшін 402,3 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Бір литрдің құны 281 теңге, бұл нарықтық бағадан 15% төмен.
Ауыл шаруашылығы техникасының дайындығв 98%-ға жетті, ал жаппай далалық жұмыстар басталғанға дейін 100%-ды қамтымақ. Қазіргі уақыттп шаруалардың қолында 133,9 мың трактор, 5,6 мың заманауи егіс кешені, 71,4 мың тұқым сепкіш және 188,5 мың топырақ өңдеу техникасы бар.
Дацындық жұмыстарын дер кезінде жоғары деңгейде жүргізу егіс науқанын сәтті өткізуге және болашақ өнімнің негізін қалыптастыруға қажетті жағдай жасайды.