Контентке өту

Ортақ қамқорлық – табиғатқа жанашырлықтың көрінісі

Ортақ қамқорлық – табиғатқа жанашырлықтың көрінісі

Наурыз мерекесі күндері Жамбыл облысы Қордай ауылындағы «Батыс» шағынауданының саябағында ағаш отырғызу акциясы өтті. Бұл шара тұрғындарды туған жерге деген қамқорлық пен қоршаған ортаны қорғау идеясы төңірегінде біріктірді, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Аталған бастама елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған. Экологиялық акциялар республика бойынша кеңінен өткізіліп жатыр. Қордайлықтар да бұл игі іске белсенді қатысып, туған ауылды көгалдандыру жұмысына өз үлестерін қосты.

Қазақ халқы ежелден ағаш отырғызуды сауапты іс деп бағалаған. Бұл дәстүр өскелең ұрпаққа табиғатқа деген жанашырлықты, Жер-анаға құрметті қалыптастыруға бағытталған. Жас көшет – өмірдің жалғасы мен болашаққа деген үміттің символы. Уақыт өте келе ол өсіп, айналаны көркейтіп, адамдарға сая мен қуаныш сыйлайды.

Акцияға ауыл ақсақалдары, түрлі сала өкілдері, еңбек ұжымдары, жастар және белсенді тұрғындар қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов бұл бастаманың маңыздылығын атап өтіп, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда мұндай шаралардың рөлі зор екенін жеткізді.

Іс-шара мерекелік әрі жылы атмосферада өтті. Тұрғындар ағаш отырғызуға белсенді қатысып, үлкендер батасын беріп, ізгі тілектерін білдірді. Шараның көркін ақ шаңқан киіз үйлер, бауырсақтың иісі мен қазанда әзірленген тағамдар арттырды. Сонымен қатар ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, мерекелік көңіл-күй одан әрі күшейе түсті.

Айта кету керек, осы күні саябақ аумағында түрлі ағаш тұқымдарының 1000 көшеті отырғызылды. Олардың барлығы аудандық орман шаруашылығында өсіріліп, жергілікті климаттық жағдайларға арнайы бейімделген.

Осындай игі бастамалар ауданның өзге елді мекендерінде де жалғасып жатыр. Бұл Қордай тұрғындарының туған жерге деген сүйіспеншілігі қарапайым, бірақ маңызды істерден басталатынын тағы бір дәлелдеді.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты