Контентке өту

ПЕТРОГЛИФТЕН ЦИФРЛЫҚ МҰРАҒА ДЕЙІН: ЖАМБЫЛДАҒЫ ТАРИХИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ЗЕРТТЕУДІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

ПЕТРОГЛИФТЕН ЦИФРЛЫҚ МҰРАҒА ДЕЙІН: ЖАМБЫЛДАҒЫ ТАРИХИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ЗЕРТТЕУДІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Тарихи-мәдени мұраны сақтау – өткеннің ізін жоғалтпау ғана емес, сол мұраның ғылыми құндылығын ашу. Археологиялық нысанның маңызы оның сыртқы көрінісімен шектелмейді. Жартастағы сурет, көне жазу немесе белгісіз археологиялық нысан дұрыс зерттелген жағдайда белгілі бір тарихи кезең туралы жаңа дерекке айналуы мүмкін.

Жамбыл облысында соңғы кезеңде тарихи-мәдени мұраны қорғау жұмыстарының зерттеу және ғылыми айналымға енгізу бағытына да басымдық беріліп отыр. Бұл үдерісте далалық экспедициялар, фотофиксация, координаттарды белгілеу, цифрлық тіркеу және ғылыми талдау секілді әдістер қатар қолданылуда.

Жаңа нысанды табу – жұмыстың басы ғана

Тарихи нысанның анықталуы оның бірден ғылыми тұрғыдан толық зерттелгенін білдірмейді. Алдымен оның орналасқан жері белгіленіп, фотофиксация жасалып, сипаттамасы әзірленіп, кейін тарихи-мәдени маңызы сараланады.

2026 жылы Байзақ ауданындағы Ботамойнақ тауының Қарасай және Қамыстыбұлақ шатқалдарында бұрын мемлекеттік тізімге енгізілмеген жартас суреттері анықталды. Нысандардың географиялық координаттары белгіленіп, фотофиксация жұмыстары жүргізілді.

Бұл жерде маңызды мәселе – жаңа нысанды жай ғана «табылған ескерткіш» ретінде қалдырмай, оны ғылыми және құқықтық тұрғыдан зерттеу. Яғни археологиялық жаңалықтың тарихи құндылығы оны құжаттандыру мен кейінгі зерттеу сапасына тікелей байланысты.

Көне жазу – жаңа ғылыми сұрақ

Жуалы ауданындағы Бұрхансай шатқалында жүргізілген археологиялық барлау кезінде петроглифтер кешенінен көне түркі руникалық жазуы анықталуы да осының мысалы.

Нысан цифрлық тіркеуден өткізіліп, құжаттандыру және алдын ала ғылыми талдау жұмыстары жүргізілген. Алғашқы оқылым нұсқасы «Менің ер атым – Аба» деп ұсынылған.

Алайда тарихи жазуларды зерттеуде алғашқы оқылым түпкілікті ғылыми қорытынды болып саналмайды. Жазудың толық мәтінін, мерзімін және тарихи-мәдени мәнмәтінін нақтылау үшін қосымша зерттеулер қажет.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты