Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік саланы дамыту және азаматтарды қолдау мемлекет саясатының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті., деп хабарлайды baq-orda.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа Конституцияға сәйкес Қазақстан әлеуметтік мемлекет ретінде өз азаматтары алдындағы міндеттемелерін толық орындауға тиіс.
«Әлеуметтік саладағы міндеттемелерді орындау биліктің барлық тармағының, соның ішінде Үкіметтің конституциялық міндеті саналады», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы республикалық бюджеттен әлеуметтік қажеттіліктерге 9 триллион теңгеден астам қаржы бөлінгенін айтты. Оның пікірінше, бұл әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Мемлекет басшысы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бағдарламасы да Конституциямен бекітілген әлеуметтік міндеттемелер қатарына кіретінін атап өтті.
Сонымен қатар Президент Қазақстанда аналар мен балаларды әлеуметтік қорғау жүйесіне ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді. Оның айтуынша, бала дүниеге келгеннен кейін аналардың жұмыс орны сақталып, декреттік демалысқа шығуына және тиісті төлемдер алуына барлық жағдай жасалған.
Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ еліміздің денсаулық сақтау саласындағы жетістіктеріне тоқталып, медициналық қызмет көрсету сапасының артуы мен заманауи технологиялардың енгізілуі Қазақстанның медициналық туризмнің өңірлік орталығы ретінде танылуына мүмкіндік беріп отырғанын айтты.
Президент әлеуметтік қолдау мен сапалы медициналық қызмет көрсету мемлекеттің басты міндеттерінің бірі болып қала беретінін ерекше атап өтті.