Контентке өту

Президент: «Көзі ашық, көкірегі ояу, тәрбиелі, заңға бағынатын адал азаматтар ең алдымен мектептегі мұғалімнен тәлім алады»

Президент: «Көзі ашық, көкірегі ояу, тәрбиелі, заңға бағынатын адал азаматтар ең алдымен мектептегі мұғалімнен тәлім алады»
ашық дерек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шарада жас ұрпақ тәрбиесінің маңызына тоқталды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Президенттің айтуынша, балалардың қызығушылығы мен қажеттілігін ескеріп, оларды шынайы өмірде де, виртуалды кеңістікте де қорғау – қоғамның ортақ міндеті.

Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпаққа жарқын болашаққа ұмтылуға мүмкіндік беретін жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Оның сөзінше, адам өмірінде еңбек пен білімнің орны ерекше.

«Еңбексіз ешқандай табыс та, жетістік те болмайды. Бұл – өмірдің қағидасы, заңы. Өмір жолын тек жан-жақты дайындалған, біліммен қаруланған адам ғана еңсере алады», – деді Президент.

Мемлекет басшысы осы қарапайым ақиқатты балаларға ерте жастан түсіндіру маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, еліміздің стратегиялық мақсаты – биік мақсаттарға ұмтылатын, бәсекеден тайсалмайтын, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу.

Президент сөзінің соңында қоғамда жаңа этика қалыптасып келе жатқанына назар аударды. Оның айтуынша, тазалық, еңбекқорлық, адалдық және өзара сыйластық секілді құндылықтар ұлттық дағдыға айналуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясының жалпыұлттық сипат алғанын айтып, оның елдің келбетіне ғана емес, азаматтардың мәдениеті мен болмысына да оң әсер етіп жатқанын атап өтті.

«Себебі көзі ашық, көкірегі ояу, тәрбиелі, заңға бағынатын адал азаматтар ең алдымен мектептегі мұғалімнен тәлім алады. Сондықтан мен еліміздегі барша ұстазға шынайы ризашылығымды білдіремін. Ұстаздық еткен әр адамның ерен еңбегі зор құрметке лайық деп санаймын», – деді Мемлекет басшысы.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты