Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі білім беру саласының дамуына және мектеп инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Президенттің айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда 4 миллионнан астам оқушы білім алады. Яғни еліміздің әрбір бесінші азаматы мектепте оқып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақтың дамыған мемлекетте, қауіпсіз ортада және өркениетті қоғамда өмір сүруі керектігін атап өтті. Оның сөзінше, елдің болашағы ең алдымен адам капиталының сапасына байланысты.
«Өркениетті әрі озық елдің қуаты оның табиғи байлығымен емес, ең алдымен, адам капиталының сапасымен өлшенеді. Мемлекеттің әлемдегі орны да, экономикалық әлеуеті де қоғамдағы білім мен ғылымның деңгейіне тәуелді», – деді Президент.
Мемлекет басшысы соңғы жеті жылда елімізде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп салынғанын айтты. Биыл тағы 101 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында білім беру мекемелеріне қойылатын жаңа стандарт қалыптасты. Жоба аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп салынды. Оның 84-і, яғни шамамен 40 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан.
Президент ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасы мен жағдайы бірдей болуы керек екенін атап өтті.
«Ауыл мектебі де, қала мектебі де балаларға бірдей сапалы білім беретін заманауи оқу мекемесі болуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, орта мектептерге жасанды интеллект жүйелеріне негізделген арнайы сабақтарды жаппай енгізу бағдарламасы іске асырылып жатыр.
Мемлекет басшысы Үкіметке мектеп тапшылығы мәселесін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Оның айтуынша, өңірлерде мектеп жетіспеушілігі болмауы тиіс, себебі бұл мәселе елдің болашағына тікелей әсер етеді.