Қасым-Жомарт Тоқаев Мамыр мерекесі аясында өзіне сыйға тартылған тұлпарлардың күтім жағдайымен танысты. Бұл туралы Мемлекет басшысы Instagram желісіндегі tokayev_online парақшасында жазды., деп хабарлайды baq-orda.kz.
Президенттің айтуынша, бір жыл бұрын Ақалтеке тұқымынан туған қылаң боз тайға Ақжан есімі берілген. Ол тұлпардың шоқтығы биік, қаз мойын, қамыс құлақ, сымбатты әрі паң жүрісті екенін атап өтті. Сонымен қатар, жануардың зеректігі мен тектілігі сырт келбетінен-ақ байқалатынын жеткізді.
Сондай-ақ бірнеше ай бұрын Президент Іс басқармасының атқорасына Ақалтеке тұқымынан шыққан құла түсті тағы бір құлын әкелінген. Оған Ақниет деген ат қойылған. Мамандар бұл сәйгүліктің болашағынан зор үміт күтіп, халықаралық жарыстарда топ жара алатынын айтуда.
Атқорада бұдан бөлек, Қатар елінен сыйға тартылған араб арғымақтары да бапталуда.
Қасым-Жомарт Тоқаев жылқыларға жиі келіп, өз қолымен жем беретінін айтып, қазақ халқы үшін жылқының орны ерекше екенін атап өтті. Президент “Ер қанаты – ат” қағидасын еске салып, ат спорты мен жылқы шаруашылығын дамытуға айрықша мән беру қажеттігін жеткізді.