Астанадағы Тәуелсіздік сарайында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттауға арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортшылар мен бапкерлерді жарыстағы жарқын жеңістерімен құттықтап, олардың Қазақстанның ұлттық спорттағы абыройын әлемге танытқанын атап өтті.
«Әлемнің 100-ден астам елінен келген спортшылармен бәсекеге түсіп, көк байрағымызды биікке көтеру – нағыз ұлт перзенттеріне тән асыл қасиет. Ұлттық командамыз ел үмітін толығымен ақтады деп айтсақ, әділеттікке сай сөз болады. Мен Президент ретінде баршаңызға Отанымызға әкелген рухты жеңістеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздерге тұтас халқымыз жанкүйер, тілекші болды», – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан құрамасының жалпы есепте бірінші орын алғанын ел мерейін асырған елеулі жетістік деп бағалады.
Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар 74 медаль иеленді. Оның ішінде 32-сі – алтын жүлде.
«Осы тамаша жеңіс қазақтың рухы биік, жігері мықты, нағыз жеңімпаз ұлт екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті. Жалпы, спорттың басты миссиясының бірі – өзара құрмет пен сыйластықты дәріптеу, халықтар достығын нығайту. Бұл дүбірлі дода жоғары деңгейде өтті. Сайыс нәтижелері әділ болды. Осыған орай, Қырғыз елінің Президентіне ризашылығымды білдіремін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент спортшылар мен жаттықтырушыларға ел намысын абыроймен қорғап, ұлттық спорттың беделін биіктеткені үшін алғыс білдірді.