Танымал әнші Қайрат Нұртастың әкесі Нұртас Айдарбеков журналист Аман Тасығанқа берген сұхбатында ұлының мемлекеттік қызметке баруы екіталай екенін ашық айтты, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Сұхбат барысында жүргізуші әншіні болашақта шенеунік ретінде елестетуге бола ма деген сұрақ қойған. Нұртас Айдарбеков бұл оймен келіспейтінін ашық айтты. Оның сөзінше, Қайраттың болмысы мемлекеттік қызметке мүлде сай келмейді.
«Қайрат бір кабинетте отырып жұмыс істейтін адам емес. Оның табиғаты да, өмір сүру дағдысы да басқа», – деді ол.
Әкесінің айтуынша, мәселе тек мінез ерекшелігінде емес, қаржылық тұрғыда да үлкен айырмашылық бар. Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы әншінің қазіргі табысымен салыстыруға келмейді.
«Мемлекеттік қызметтің жалақысымен оның отбасының қазіргі деңгейін ұстап тұру мүмкін емес. Балалары да кең өмірге үйренген, сұраныстары жоғары», – деп атап өтті Айдарбеков.
Сонымен қатар ол балаларының төмен жалақыға жұмыс істеуге дайын еместігін де жасырмады. Оның сөзінше, олар 120 мың теңге көлеміндегі айлыққа келісуі екіталай.
Осылайша, Нұртас Айдарбеков ұлының болашағы шығармашылықпен тығыз байланысты екенін жеткізіп, мемлекеттік қызмет оның өмірлік бағытына сәйкес келмейтінін нақты айтты.