Біраз уақыттан бері әлеуметтік желіде көрінбей кеткен блогер Қайсар Қамза видео жариялап, өзіне қатысты тараған ақпараттарға жауап берді, деп хабарлайды baq-orda.kz
Блогердің айтуынша, оны ешкім ұстамаған және қамауға алмаған. Қазіргі таңда ол Вьетнамда жүргенін айтып, тек көші-қон мәселесіне байланысты паспорты уақытша алынғанын жеткізді.
«Мені ешкім ұстаған жоқ. Қазір Вьетнамдамын. Тек құжат мәселесіне байланысты паспортым уақытша алынды», – деді ол видеода.
Сонымен қатар Қайсар Қамза желі қолданушыларынан жағдайға түсіністікпен қарауды сұрап, жақындарына дұғада болуын өтінді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Республикасының Қаржы мониторингі агенттігі блогердің Вьетнамда ұсталғаны туралы ақпарат таратқан болатын.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Қайсар Қамза әлеуметтік желілерде онлайн-казино жарнамаларын жүйелі түрде жариялап, қолданушыларды құмар ойындарға тартқан деген күдікке ілінген.
Тергеу деректеріне сәйкес, блогер бұл әрекеттер арқылы 100 миллион теңгеден астам заңсыз табыс тапқан. Аталған қаражат оның атына тіркелген криптовалюта әмияндарына аударылып отырғаны хабарланды.
Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты ресми тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.