Меркі ауданының Жамбыл ауылында кәсіпкер Ержан Әшенұлы ел игілігі жолында жемісті еңбек етіп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып келеді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Кәсіпкер 2019 жылы ауыл тұрғындарының игілігі үшін «Нұрдәулет» бассейні мен күрес залын ашқан болатын. Бүгінде бұл нысандар халыққа тұрақты қызмет көрсетіп, тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік беріп отыр.
Ержан Әшенұлы кәсіпкерлікпен қатар қайырымдылық шараларына да белсенді атсалысады. Әсіресе балаларға ерекше көңіл бөліп, жыл сайын 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай бүлдіршіндерге тегін балмұздақ тарату дәстүрін қалыптастырған. Биыл да игі дәстүр жалғасын тауып, кәсіпкер 300 дана балмұздақ үлестіріп, балалардың мерекелік көңіл-күйін көтерді.
Сонымен қатар ол Тұрар Рысқұлов ауданында қоғамдық тамақтану саласында кәсіп жүргізіп, бірнеше азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұл өз кезегінде өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға оң ықпал етуде.
Бүгінде «Нұрдәулет» күрес залында 200-ден астам бала тұрақты түрде спортпен шұғылданып, дене шынықтырумен айналысуда. Жас спортшылардың тәрбиесі мен олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру ісіне кәсіпкер ерекше мән береді.
Алдағы уақытта Ержан Әшенұлы бассейн аумағын кеңейтіп, заманауи демалыс және ойын-сауық нысандарын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл бастамалар ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, өңірдің туристік және әлеуметтік әлеуетін арттыруға да септігін тигізбек.
Ел игілігін өз кәсібімен ұштастырып жүрген кәсіпкердің мұндай игі істері көпшілікке үлгі болып, қоғамдағы әлеуметтік жауапкершіліктің жарқын көрінісін көрсетуде.