Халықаралық журналист, филология ғылымдарының кандидаты, «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері Қанат Әуесбай Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі болып сайланды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Бұл шешім оның білім, ғылым және медиа салаларындағы көпжылдық еңбегі мен кәсіби жетістіктерінің жоғары бағаланғанын көрсетеді. Академик атағы еліміздің ғылыми-педагогикалық қауымдастығы тарапынан берілетін мәртебелі атақтардың бірі саналады.
Қанат Әуесбай 1982 жылы 14 қаңтарда Тараз қаласында дүниеге келген. 2004 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін «халықаралық журналистика» мамандығы бойынша тәмамдап, кейін аспирантурада білімін жалғастырды.
Еңбек жолында ол республикалық деңгейдегі «31 арна», «Қазақстан», «Astana» телеарналарында тілші, редактор-сарапшы, тележүргізуші және шеф-редактор қызметтерін атқарды. Сонымен қатар түрлі медиа құрылымдар мен қоғамдық ұйымдарда жауапты қызметтерде еңбек етіп, ақпарат саласының дамуына елеулі үлес қосты.
Қанат Әуесбай кәсіби қызметімен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де айналысып келеді. Филология ғылымдарының кандидаты ретінде білім беру, журналистика және коммуникация салалары бойынша бірқатар ғылыми еңбектердің авторы.
Бүгінде ол отандық медианың дамуына, жас журналистерді тәрбиелеуге және ғылыми-педагогикалық бағыттағы жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысып жүрген тәжірибелі маман ретінде кеңінен танымал.
Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі болып сайлануы – оның ғылым мен білім, журналистика және қоғамдық қызмет салаларындағы нәтижелі еңбегінің заңды жемісі.