Контентке өту

Қанат Бозымбаев: 2027 жылға қарай өңірлер ТКШ саласындағы «қызыл аймақты» толық жоюы тиіс

Қанат Бозымбаев: 2027 жылға қарай өңірлер ТКШ саласындағы «қызыл аймақты» толық жоюы тиіс

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жобаны» (ЭКСЖ) жүзеге асыруға арналған Жобалық кеңсенің отырысын өткізді, деп хабарлайды baq-orda.kz Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Бүгінгі таңда 2026 жылға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 1,2 трлн теңге. Оның ішінде 634 млрд теңге Ұлттық жоба арқылы, тағы 542 млрд теңге тариф қалыптастыру тетігі аясындағы қолданыстағы инвестициялық бағдарламалар шеңберінде қарастырылған.

ЭКСЖ электронды платформасы арқылы жалпы құны 482 млрд теңге болатын конкурстық рәсімдерге дайын 206 жоба өтуде. Оның 168-і нақты жүзеге асырылып жатыр.

Инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету жөніндегі жоспар 100% орындалғанына қарамастан, бірқатар өңірде 2026 жылға арналған Ұлттық жобаны іске асырудың бекітілген кестесінен едәуір артта қалғаны анықталды. Жылумен жабдықтау саласында Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Алматы және Абай облыстары, электрмен жабдықтау саласында Абай, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстары, сумен жабдықтау саласында Батыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар облыстары, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалалары, су бұру (кәріз) саласында Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары, Абай облысы және Астана қаласы кестеден қалып отыр.

Сонымен қатар келер жылға өтінімдер беру барысында өңірлердің белсенділігі төмен екені байқалады.

Вице-премьер 2027 жылға қарай әкімдіктер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы «қызыл аймақты» толық жоюы тиіс екенін атап өтті. Сәуір айының соңына дейін барлық жоба бойынша, ең алдымен «қызыл аймақтағы» кәсіпорындарға қатысты ЭКСЖ платформасына өтінімдерді толық енгізу тапсырылды. Тапсырмалар уақытылы орындалмаған және сапасыз орындалған жағдайда жауапты тұлғаларға қатысты жеке жауапкершілік шаралары қабылданады.

Отырыс барысында жобаларды қаржыландыру мәселелері де қаралды. «Бәйтерек» холдингі Ұлттық жоба аясында 1500-ден астам өтінімді қарастырып, оның ішінде жалпы сомасы 520,6 млрд теңге болатын 231 жоба  екінші кезеңде мақұлданған. Қаржыландыру «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ және екінші деңгейлі банктер арқылы тікелей кредит беру, сондай-ақ «ҚЖҚ» АҚ қатысуымен әкімдіктердің мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алу тетігі арқылы жүзеге асырылады.

Қазіргі таңда 231 жобаның 37-сі бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Аталған жобалар іске асыруға дайын.

Күн тәртібінде цифрландыру саласы да  талқыланды. ТКШ саласында деректерді жинау, беру және талдаудың көпдеңгейлі жүйесін қалыптастыру қажеттігі атап өтілді. Бұл жүйе «төменнен жоғары» қағидаты бойынша тұтынушылардан коммуналдық кәсіпорындарға дейінгі деңгейлерді біріктіре отырып, «EnergyTech» және «WaterTech» платформаларымен интеграцияланып, «Smart Turmys» жүйесімен синхрондалуы тиіс. Тиісті тапсырмалар Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне, сондай-ақ «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ-на берілді.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты