Контентке өту

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Алмағайып кезеңде түркі мемлекеттерінің ауызбіршілікте болуы – өте маңызды»

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Алмағайып кезеңде түркі мемлекеттерінің ауызбіршілікте болуы – өте маңызды»

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде қазіргі күрделі геосаяси жағдайда бауырлас елдердің ынтымағы мен өзара қолдауы айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі таңда әлемдік және аймақтық деңгейдегі бәсеке күшейіп, қарулы қақтығыстар мен соғыстардың саны артып келеді. Бұл үдерістер жаһандық экономикаға кері әсерін тигізіп, көптеген елдердің тұрақтылығына ықпал етуде. Осындай сын-қатерлер кезеңінде түркі мемлекеттерінің ауызбіршілікте болуы аса маңызды.

«Халықтарымызға ортақ сан ғасырлық шежіреміз бар. Сондықтан түркі елдері заман талабын ескеріп, экономика және инвестиция саласындағы ықпалдастықты нығайтып, ортақ мүдде жолында күш жұмылдыруы қажет», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев саммитте талқыланған жасанды интеллект пен цифрлық дамудың стратегиялық маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, технологиялық даму бүгінде кез келген мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің негізгі факторына айналды.

Президент Қазақстанның цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы бастамаларына тоқталып, биылғы жыл елімізде «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланғанын айтты. Alem.ai орталығының ашылуы, екі суперкомпьютердің іске қосылуы және алдағы уақытта «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру – осы бағыттағы маңызды қадамдар.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанда «Алтын виза» енгізілгенін, Цифрлық кодекс қабылданып, Жасанды интеллект туралы заңның күшіне енгенін атап өтті. Бұл шаралар Қазақстанды өңірлік технологиялық хабқа айналдыруға бағытталған.

Президент Түркі мемлекеттері ұйымы аясында Цифрлық мониторинг орталығын, Цифрлық инновациялар орталығын және Киберқауіпсіздік жөніндегі кеңес құру бастамасын қайта көтерді. Оның айтуынша, бұл құрылымдар мүше мемлекеттердің цифрлық қауіпсіздігін нығайтып, ортақ технологиялық дамуға тың серпін береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев аталған бастамалардың барлығы түркі елдерінің ортақ мүддесіне толық сай келетінін айтып, осы бағыттағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты