Контентке өту

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркия арасындағы аграрлық және логистикалық ынтымақтастықты күшейтуді ұсынды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркия арасындағы аграрлық және логистикалық ынтымақтастықты күшейтуді ұсынды
ашық дерек

Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің отырысында ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, энергетика және цифрландыру салаларындағы серіктестікті кеңейту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Кеңесте агроөнеркәсіп кешеніндегі ықпалдастыққа ерекше назар аударылды. Былтыр екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы тауар айналымы 25 пайыздан асып, шамамен 360 миллион долларға жеткен.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда бірқатар ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, Tiryaki Agro қолға алған глютен мен крахмал өндірісі және Alarko Holding салып жатқан жылыжай кешені мысал ретінде келтірілді.

Мемлекет басшысы Түркия тарапына ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын дамытуға арналған 2026–2028 жылдарға арналған жол картасын қабылдауды ұсынды.

Жиында қазіргі геосаяси жағдайда көлік-логистика саласының стратегиялық маңызы артып отырғаны да айтылды. Президент Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне халықаралық қызығушылықтың күшейгеніне тоқталып, түрік компанияларын Құрық порты мен Ақтау порты арқылы жүк тасымалын арттыруға бағытталған жобаларға белсенді қатысуға шақырды.

Сонымен қатар Қазақстан авиация саласындағы серіктестікке де басымдық беріп отыр. Осыған байланысты TAV Airports Holding компаниясының Алматы халықаралық әуежайы негізінде Орталық Азиядағы ірі логистикалық хаб қалыптастыру бастамасына жан-жақты қолдау көрсетілетіні айтылды.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен инвесторларға ұсынылатын жеңілдіктер туралы мәлімет берді. Сондай-ақ түрік кәсіпкерлерін шикізаттық емес салалардағы бірлескен жобаларды іске асыруға шақырды.

Жиында энергетика, тау-кен өнеркәсібі, цифрландыру, жасанды интеллект және қорғаныс өнеркәсібі бағыттарындағы өзара тиімді серіктестікті кеңейту перспективалары да қарастырылды.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты