Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан туралы сөз қозғағанда күллі түркі жұртының рухани темірқазығына айналған Қожа Ахмет Ясауи тұлғасына тоқталмау мүмкін еместігін айтты, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Президенттің сөзінше, Әзірет Сұлтан түркілік рух пен ислам өркениетін үндестіре білген тарихи тұлға. Оның рухани мұрасы Ұлы далада ғана емес, Анадолы жерінде де терең із қалдырған.
– Түркі әлеміне ортақ көптеген ғұламалар Әзірет Сұлтанның ізбасары саналады. Соның ішінде әйгілі Юнус Эмре шығармаларынан Ясауи ілімінің ықпалын анық көруге болады. Осындай рухани сабақтастық қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы еңбектерінен де байқалады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Наурыз мерекесі кезінде Түркістан қаласына арнайы барып, Әзірет Сұлтан рухына құран бағыштағанын еске алды. Сол сапар барысында мемлекеттік наградалар қатарына «Қожа Ахмет Ясауи» орденін енгізу бастамасын көтергенін айтты.
Президенттің айтуынша, бұл орден Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан отандық және шетелдік ғалымдарға, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне табысталады.
– Бұл шын мәнінде беделі жоғары марапат. Орденді әзірлеу кезінде ашық жасыл түске басымдық бердік. Ислам дінінде бұл түстің орны ерекше. Ал күміс тазалықтың белгісі саналады. Жалпы, бұл марапат Әзірет Сұлтанның тағылымы мен мұрасын дәріптеуге арналған, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Қожа Ахмет Ясауи мұрасын жан-жақты зерттеу жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатқанын да атап өтті.
Сонымен қатар Президент Режеп Тайип Ердоғанн «Қожа Ахмет Ясауи» орденімен марапаттау туралы шешім қабылданғанын айтып, оның аталған марапаттың алғашқы иегері екенін жеткізді.
– Мұның символдық мәні зор. Бұл – рухани бауырластық пен тарихи сабақтастықтың айқын көрінісі. Қазақ халқы Сізді ерекше құрметтейді және қолдайды. Осы жоғары марапатты түркі әлеміндегі көшбасшылық рөліңізге берілген лайықты баға ретінде қабыл алыңыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөз соңында Мемлекет басшысы Режеп Тайип Ердоғанке зор денсаулық, ал түрік халқына амандық пен бақ-береке тілеп, қазақ-түрік достығының мәңгі болуына ниет білдірді.