Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің тарихи өрлеу дәуіріне қадам басқанын айтып, соңғы жылдары жүзеге асқан ауқымды реформаларға тоқталды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Президенттің айтуынша, елде мемлекеттік институттарды жаңғырту, Конституциялық реформаларды жүзеге асыру және қоғамның дамуына бағытталған бірқатар маңызды жұмыс атқарылды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт саулығын нығайту мен адам капиталын дамыту мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
«Соңғы жеті жылда елімізде 500-ден астам спорт нысаны салынды, бірқатары жөндеуден өткізілді. Былтыр менің тапсырмаммен «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға бірқатар өзгеріс енгізілді. Жаңа заң отандық спорттың дамуына күшті серпін бермек, соның ішінде ұлттық спорттың өркендеуіне ерекше ықпал етеді», – деді Президент.
Мемлекет басшысы балалардың спортпен және дене шынықтырумен тұрақты айналысуы елдің болашағы үшін маңызды екенін айтты.
Оның сөзінше, спорт мектептерінде оқитын әр балаға бөлінетін қаржы көлемі екі есеге жуық артқан. Бұған дейін бір балаға 233 мың теңге бөлінсе, қазір бұл көрсеткіш 415 мың теңгеге дейін өскен.
Сондай-ақ былтыр 220 мыңнан астам бала мемлекет есебінен спорт үйірмелеріне тегін қатысқан. Бұл мақсатқа 50 миллиард теңге бөлінген.
Президенттің мәліметінше, бүгінде дене шынықтырумен тұрақты айналысатын азаматтардың саны 8 миллионнан асты. Бұл – ел халқының жартысына жуығы.
«Осы тұрғыдан алғанда, бізді салауатты ұлт деп атауға болады. Бірақ босаңсуға болмайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.