Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және мәдени мұраны сақтау бағытындағы бірқатар маңызды бастамаларды ұсынды.
Мемлекет басшысы түркі елдерінің IT хабтарын біріктіретін ортақ орталық құруды ұсынып, оған «Turkic AI» атауын беруді ұсынды. Президенттің айтуынша, бұл орталықты Alem.ai базасында орналастыруға болады.
«Бірлескен хаб ортақ мүдделерімізді ілгерілетуге ықпал етері сөзсіз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жасанды интеллект пен озық технологиялар дәуірінде рухани және мәдени құндылықтарды назардан тыс қалдырмау қажет екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Түркі өркениетінің мол мұрасын сақтау – тарихи жадыны жаңғыртумен қатар, халықтардың бірегей болмысын, бірлігін және ынтымақтастығын нығайтатын маңызды фактор.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Түркі өркениетінің мұрасын сақтау жөніндегі конвенция жобасын қолдауға шақырды. Бұл құжат түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен дәріптеуге құқықтық негіз қалыптастырады және ЮНЕСКО қызметінің аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Президент жасанды интеллект негізінде түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты материалдарды жинақтайтын арнайы көптілді цифрлық платформаны құру қажеттігін айтты. Бұл жоба арқылы әлемнің кез келген тұрғыны онлайн форматта түркі өркениетінің бай мұрасымен танысып, оны терең зерттей алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан осы бастамаларды жүзеге асыру үшін жан-жақты цифрлық шешімдер ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.