Контентке өту

Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңіс күнімен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңіс күнімен құттықтады
ашық дерек

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлы Жеңістің 81 жылдығымен құттықтап, майдангерлер мен тыл ардагерлеріне құрмет көрсетті, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Президент өз құттықтауында майдан даласында ерлік көрсеткен жауынгерлер мен тылда аянбай еңбек еткен азаматтардың еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстанның ортақ Жеңіске қосқан үлесі орасан екенін айтып, соғыс жылдары миллиондаған отандасымыздың жанқиярлықпен шайқасқанын жеткізді.

Сонымен қатар, Президент жүзден астам қазақстандықтың «Даңқ» орденінің толық кавалері атанғанын, бес жүзге жуық азаматқа Батыр атағы берілгенін еске салды. Сондай-ақ, мыңдаған адамның жауынгерлік ерлігі мен тылдағы қажырлы еңбегі үшін марапатталғанын айтты.

Мемлекет басшысы бүгінде батырлардың есімін ұлықтау жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті. Ел бойынша мемориалдар орнатылып, кітаптар мен фильмдер жарыққа шығып, көшелерге, мектептерге, музейлер мен әскери нысандарға майдангерлердің есімдері беріліп жатыр.

Президенттің айтуынша, ардагерлердің ерлігі мен рухын жас ұрпақтың санасына сіңіру — бүгінгі буынның қасиетті парызы. Ол бейбіт өмір мен тәуелсіздіктің қадірін бағалау маңызды екенін айтты.

Сондай-ақ, Қазақстан бүгінде жаңа Конституция негізінде Әділетті Қазақстан құрып жатқанын айтып, Ата заң барлық азаматтың құқығы мен бостандығын тең қорғайтынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңіс күні ұлан-асыр той емес, ерлік пен елдік туралы терең ойланатын маңызды күн екенін атап өтті.

– Халқымыздың бейбіт өмірге және өсіп-өркендеуге ұмтылысының айқын көрінісі іспеттес көк байрағымыз әрдайым ашық аспан астында желбіресін! Ұлы Жеңіс күні құтты болсын! – деді Президент.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты