Жамбыл облысында құрылыс саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету, нысандардың сапасын бақылау және заңсыз құрылыстардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. 2026 жылдың 10 айында Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы 212 жоспардан тыс тексеру өткізіп, заң бұзушылықтарды жоюға бағытталған шаралар қабылдады.
Есепті кезеңде облыс аумағында құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау туралы 709 хабарлама тіркелді. Оның 300-і мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылатын жобалар болса, 409 нысан жеке қаражат пен инвестиция есебінен салынуда. Бұл өңірдегі құрылыс жұмыстарының қарқынын және инвестициялық белсенділікті көрсетеді.
Құрылыс сапасына бақылау күшейтілді
Басқарма жүргізген 212 жоспардан тыс тексерудің нәтижесінде 140 нұсқама беріліп, 600 әкімшілік іс қозғалды. Заң талаптарын бұзған тапсырыс берушілер, мердігерлер, жобалаушылар, сараптама ұйымдары және техникалық әрі авторлық қадағалау мамандары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Құқық бұзушылықтар бойынша жалпы сомасы 182 млн 211 мың 816 теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар құрылыс сапасына қатысты талаптарды бұзған мамандар мен ұйымдарға заңнамада көзделген санкциялар қолданылды.
Құрылыс-монтаждау жұмыстарын сапасыз орындап, нормалар мен ережелерден ауытқуға жол берген 5 мердігер ұйым мен 6 жобалаушы ұйым жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ талаптарды бұзған сараптама ұйымдарының аккредиттеу куәліктері қайтарылып, бір ұйым лицензияланатын қызмет түрімен айналысу құқығынан айырылды.
Қала құрылысы талаптары мен қызыл сызықтардың сақталуы назарда
Құрылыс кезінде қала құрылысы талаптарының, соның ішінде қызыл сызықтардың сақталуына ерекше мән берілуде. Осы бағытта Басқармаға 14 мәселе бойынша өтініш пен хат түскен.
Олардың 7-еуі бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, анықталған бұзушылықтарға байланысты әкімшілік шаралар қабылданды, айыппұлдар салынып, тиісті нұсқамалар берілді.
Қазіргі уақытта заңсыз құрылысқа қатысты мәселелердің бірқатары сот тәртібімен қаралуда. Сонымен бірге кейбір нысандардағы заңсыз бөліктер бұзылып, басқа өтініштер бойынша рәсімдік және құқықтық жұмыстар жалғасуда.
Заңсыз құрылыстарды жою бойынша нақты нәтижелер
Құрылыс саласындағы заңнама талаптарын сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заңсыз нысандарды анықтау мен оларды жою жұмыстары да жүргізілуде.
Тексеру нәтижесінде 7 нысанның заңсыз салынған бөліктері бұзылды. Оның ішінде Тараз қаласында – 3, Байзақ ауданында – 1, Сарысу ауданында – 2 және Талас ауданында – 1 нысан.
Жыл басынан бері Басқарма заңнама талаптарын өрескел бұзған 31 нысанды мәжбүрлеп бұзу туралы сотқа талап-арыз жолдады. Сот қараулары барысында бірқатар істер бойынша шешімдер шығарылып, атқару парақтары сот орындаушыларына берілді. Кейбір нысандардағы заң бұзушылықтар сот процесі кезінде ерікті түрде жойылып, 5 нысан иесі ғимараттарын өз еркімен бұзуға келісім білдірді.
Бұдан бөлек, пайдалануға қабылдау актілерін тіркеуді жарамсыз деп тану бойынша 3 іс сот қарауында.
Басты мақсат – құрылыс саласында заңдылықты сақтау, нысандардың қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету, сондай-ақ өңірде талапқа сай әрі жауапты құрылыс мәдениетін қалыптастыру. Осы бағыттағы бақылау және профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.