Қазақстан аэротакси қызметін дамытуға құқықтық негіз қалыптастырған әлемдегі алғашқы елдердің бірі атанды. Мемлекет басшысы қол қойған жаңа заң ұшатын таксилерді, жүк тасымалдайтын дрондарды және цифрлық әуе қозғалысын басқару жүйелерін енгізуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Құжатта заманауи авиация саласына қатысты бірқатар жаңа ұғымдар алғаш рет заң жүзінде бекітілді. Атап айтқанда, «вертипорт» (тік ұшып-қону алаңы), «қалалық әуе мобильдігі аймағы» және «ұшқышсыз қозғалысты басқару жүйесі» терминдері енгізілді.
Заң аясында әуе кеңістігін цифрландыру, ұшқышсыз ұшу аппараттарының қозғалысын бақылау және жолаушылардың жеке деректерін қорғау мәселелері де қамтылған.
Мамандардың пікірінше, бұл жаңашылдықтар болашақта қалаішілік тасымалдың жаңа түрлерін дамытуға, логистикалық қызметтердің тиімділігін арттыруға және инновациялық технологияларды енгізуге жол ашады.
Дегенмен аэротакси мен дрондарды жаппай пайдалану бірден басталмайды. Алдымен технологиялар тәжірибелік режимде сынақтан өткізіліп, олардың қауіпсіздігі мен тиімділігі толық тексеріледі. Тек осы кезең аяқталғаннан кейін ғана жаңа көлік түрлерін кең көлемде пайдалану мәселесі қарастырылады.
Сарапшылар бұл заңды Қазақстанның жоғары технологиялар мен цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы маңызды қадамы деп бағалап отыр.