Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандықтарды шетелде қауіпсіз және ашық жұмысқа орналастыру арналарын кеңейту бойынша жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды baq-orda.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасын оңтүстіккореялық Employment Permit System (EPS) жүйесіне қосуға ерекше назар аударылуда. Бұл бағдарлама шетел азаматтарына Корея Республикасында жұмыс күші тапшы салаларда заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
EPS-ке қосылу процедурасы үш кезеңнен тұрады. Қазақстан бірінші кезеңді – ішкі мемлекеттік келісуді сәтті аяқтады. Қазіргі уақытта еліміз екінші кезеңде – EPS орталығын ашуға арналған нысандармен танысу үстінде. Осы кезеңнің нәтижелері түпкілікті шешім қабылдау кезінде ескерілетін болады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев EPS жүйесіне қатысу қазақстандықтарға барлық әлеуметтік және еңбек құқықтарын сақтай отырып, шетелде ресми жұмысқа орналасудың қосымша мүмкіндіктерін беретінін атап өтті.
Министрлік басқа елдермен де екіжақты келісімдер мен меморандумдар жасасу бойынша жұмыс жүргізуде. Қол жеткізілген нәтижелердің ішінде мыналарды атап өтуге болады:
Катар мемлекетімен келісім (2024 жылғы ақпанда қол қойылды, 2025 жылғы қазанда ратификацияланды), ол Қатардағы қазақстандық жұмыскерлерді жұмысқа орналастыруды реттейді және олардың құқықтарының қорғалуына кепілдік береді;
2025 жылғы ақпанда қол қойылған Ұлыбританияның еңбек заңнамасының бұзылуы мен қанауға қарсы іс-қимыл қызметімен (GLAA) ынтымақтастық туралы меморандум.
Сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерімен, Сауд Арабиясымен, Чехиямен, Финляндиямен, Норвегиямен, Польшамен, Швециямен, Италиямен, Словакиямен және Жапониямен ұқсас құжаттар пысықталуда.
Мұндай халықаралық уағдаластықтар заңсыз көші-қон тәуекелдерін азайтуға, азаматтарды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуге және еңбек көші-қонының басқарылатын арналарын құруға мүмкіндік береді.
Шетелде жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы толық ақпарат migration.enbek.kz порталында орналастырылған.