Контентке өту

Қазақстан мен Кения цифрлық технология, ғарыш және сауда салаларындағы ынтымақтастықты күшейтеді

Қазақстан мен Кения цифрлық технология, ғарыш және сауда салаларындағы ынтымақтастықты күшейтеді

Қасым-Жомарт Тоқаев Кенияның Қазақстанның электрондық үкімет, ғарыш және ақпараттық технологиялар саласындағы жетістіктеріне ерекше қызығушылық танытып отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Кения Президенті Уильям Руто Астанадағы AlemAI халықаралық жасанды интеллект орталығы мен Ұлттық ғарыш орталығының жұмысымен танысады.

Мемлекет басшысы келіссөздер барысында мәдениет, туризм, білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастық мәселелері де жан-жақты қарастырылғанын атап өтті. Сонымен қатар Кенияның табиғатты қорғау мен биоалуандықты сақтау бағытындағы ұстанымы Қазақстандағы «Таза Қазақстан» бастамасымен үндес екеніне назар аударды.

Президенттің айтуынша, Астанада өтіп жатқан Қазақстан–Кения бизнес-форумы екі ел кәсіпкерлерінің байланысын нығайтып, өзара сауда мен инвестициялық жобаларды дамытуға жаңа мүмкіндік береді. Тараптар үкіметтерге жан-жақты серіктестікті жандандыру үшін нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма беруге келісті.

Келіссөздер барысында халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері де талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев Кенияның Африка құрлығындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған бітімгерлік бастамаларын жоғары бағалады. Оның айтуынша, Қазақстан мен Кения халықаралық түйткілдерді тек бейбіт және дипломатиялық жолмен шешуді қолдайды.

Тараптар Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да халықаралық құрылымдар аясындағы ынтымақтастықты күшейтуге уағдаласты. Мемлекет басшысы келіссөздердің нәтижелі өткенін атап өтіп, екі елдің нақты жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға толық дайын екенін жеткізді.

Өз кезегінде Уильям Руто Қазақстанды Орталық Азия мен Еуразияға шығатын маңызды стратегиялық серіктес ретінде бағалайтынын айтты. Кения Қазақстанға Шығыс және Орталық Африка елдерімен байланыс орнатуға қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ Найробиде Қазақстанның өңірлік қызметін ұйымдастыру және Момбаса порты мен Ламу портын Африка нарығына шығатын негізгі логистикалық хаб ретінде пайдалану ұсынылды.

'БАҚ Орда' ақпараттық порталы

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты