Қасым-Жомарт Тоқаев пен Уильям Руто арасындағы екіжақты келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар Бірлескен мәлімдеме қабылдап, өзара ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірқатар маңызды құжаттарға қол қойды.
Мемлекеттер басшыларының қатысуымен Қазақстан мен Кенияның министрліктері мен ұлттық компаниялары цифрлық даму, көлік, туризм, ғарыш, инвестиция және қаржы салаларындағы ынтымақтастықты нығайтатын алты негізгі құжатпен алмасты.
Атап айтқанда, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен электрондық үкіметті дамыту, көлік байланыстарын жетілдіру, туризм индустриясын ілгерілету, тау-кен өндірісі, жерді қашықтықтан зондтау және халықаралық қаржы орталықтары арасындағы әріптестік жөніндегі меморандумдар жасалды.
Сонымен қатар, Кения Президентінің мемлекеттік сапары аясында тағы төрт маңызды келісімге қол қойылды. Олар мемлекеттік қызметкерлерді даярлау, сауда-өнеркәсіп палаталары арасындағы байланыс, инвестициялық ынтымақтастық және экспортты дамыту бағыттарын қамтиды.
Қол қойылған құжаттар екі ел арасындағы қарым-қатынастың мазмұнын жаңа деңгейге көтеріп, Қазақстан мен Кенияның экономика, технология, сауда және инвестиция салаларындағы байланысын күшейтуге жол ашады. Бұл келісімдер Африка құрлығындағы әріптестікті кеңейтуге және Қазақстанның халықаралық ықпалын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып саналады.