Контентке өту

Қазақстанда салауатты өмір салтына бетбұрыс күшейіп келеді

Қазақстанда салауатты өмір салтына бетбұрыс күшейіп келеді
ашық дерек

Бүгін, 7 сәуір - Дүниежүзілік денсаулық күні. Бұл күн қоғам назарын денсаулықты сақтаудың маңыздылығына, аурулардың алдын алуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға аударуға арналған, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Соңғы жылдары Қазақстанда халықтың денсаулыққа деген көзқарасы айтарлықтай өзгеріп, оң үрдістер байқалуда. Ұлттық зерттеулер нәтижесіне сәйкес, күн сайын кемінде 400 грамм жеміс пен көкөніс тұтынатын азаматтардың үлесі 2015 жылғы 34,3%-дан 2024 жылы 41,7%-ға дейін өскен. Бұл — тұрғындар арасында дұрыс тамақтану мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын және тағам таңдауда саналы шешімдердің артып жатқанын көрсетеді.

Сонымен қатар, алкогольді қауіпті мөлшерде тұтыну деңгейі едәуір төмендеген. Егер 2015 жылы бұл көрсеткіш 4,1% болса, 2024 жылы 1,6%-ға дейін азайған. Бұл қоғамда зиянды әдеттерден бас тартуға деген ұмтылыстың артқанын аңғартады.

Дене белсенділігі де айтарлықтай өсім көрсетіп отыр. Аптасына кемінде 150 минут орташа немесе жоғары деңгейдегі физикалық белсенділікпен айналысатын ересектердің үлесі 2021 жылғы 18,8%-дан 2024 жылы 30,4%-ға дейін жеткен. Бұл көрсеткіш салауатты өмір салтын ұстанушылар санының көбейіп келе жатқанын дәлелдейді.

Халық денсаулығын нығайту бағытында мемлекеттік деңгейде де нақты шаралар қабылдануда. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда энергетикалық сусындарды сатуға жас шектеуі енгізілді. Енді мұндай өнімдерді 21 жасқа толмаған тұлғаларға сатуға тыйым салынған. Сонымен қатар, бұл талаптарды бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Бұдан бөлек, энергетикалық сусындарға қатысты акциздік саясат кезең-кезеңімен күшейтіледі. Жоспар бойынша, 2030 жылға қарай акциз мөлшерлемесі 240 теңгеге дейін ұлғаяды. Бұл шаралар, әсіресе жастар арасында денсаулыққа зиян өнімдерді тұтынуды азайтуға бағытталған.

Жалпы алғанда, Қазақстанда салауатты өмір салтын ұстану мәдениеті біртіндеп қалыптасып келеді. Бұл — тек жеке адамның емес, тұтас қоғамның әл-ауқаты мен болашағына әсер ететін маңызды үрдіс.

Admin

Baq-orda.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламаларды өткізіп алмаңыз және сүйікті айдарларды кез келген жерде бақылаңыз.

Қосымша скриншоты Қосымша скриншоты